Өмірбаян

Бабашева Мәнсия Нұрғалиқызы 1952 жылы 14 ақпанда Гурьев облысы, Ембі ауданы, Қосшағыл кентінде дүниеге келді.

Орта мектепті бітіргеннен кейін, 1969 жылы Грозный мұнай институтының сырттай бөліміне түсті.

1969-1971 жж. аралығында Гурьев ірілендірілген аумақтық мұнай барлау экспедициясының (ГІАМБЭ), «Батыс Қазақстан геологиялық басқармасы» бірлестігінің құрылымдық-іздестіру далалық партиясында техник-лаборант ретінде жұмыс істеді.

1971 жылы Грозный мұнай институтының күндізгі бөліміне ауысып, оны 1976 жылы бітірді.

Институтты бітіргеннен кейін «Қазмұнайгазбарлау» бірлестігінің қорларды есептеу партиясына инженер ретінде қабылданды, содан кейін аға инженері болды. Жалпы партиядағы жұмыс өтілі 10 жыл.  

1986 жылы ҚазҒЗГБИ мұнай қорларын есептеу зертханасының меңгерушісі жұмысына аударылды. Кейінгі жылдары мұнайкәсіпшілік бөлімінің меңгерушісі болды. 14 жыл ішінде зертханалық зерттеулермен қатар, көмірсутектер қорларын есептеу бағыты Бабашева М.Н. басшылығымен мұнай саласында жетекші орынды иеленді.

2000 жылы «Каспиймұнайгаз» ҒЗЖИ АҚ-ғы жаңа бағыт – резервуарлардың мұнайкәсіпшілік геологиясы департаментінің директоры лауазымына жұмысқа шақырылды.

Мәнсия Нұрғалиқызының ұйымдастырушылық және кәсіби қабілеттері 10 адамнан құралған кішігірім «мұнай және газ қорларын есептеу» бағытын 6 жыл ішінде үлкен институтқа айналдыруға мүмкіндік берді. Осы институт 2006 жылы «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС ретінде тіркеліп, Мәнсия Нұрғалиқызы Геология және игеру жөніндегі Бас директорының орынбасары болды.

2006 жылдың маусым айынан бастап 2016 жылға дейін Бабашева М.Н. «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС Бас директоры ретінде институтты басқарды.

Серіктестіктің қалыптасуы жалпы даму стратегиясын, қазiргi кездегi және жақын болашақтағы кезеңге жоспарларды әзірлеуден, ұжыммен, клиенттермен, бизнес-серіктестермен өзара қарым-қатынас саласындағы құндылықтарды анықтаудан, қауіпсіздікті және көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуден басталды.

 Көмірсутек кен орындарын тиімді игеру стратегиясын жасау анықтаушысы болып табылатын дамушы жобалау институты үшін әлемдік стандарттарға сәйкес келетін ғылыми зертханалық зерттеулердің болмауы күрделі және маңызды мәселеге айналды.

Шетелдік инвесторлармен ірі және ұсақ кен орындарында бірлескен кәсіпорындар құру кезінде тау жыныстары және қабаттық флюидтің құрамы мен қасиеттерін талдайтын зертханалардың тапшылығы анықталды. Елдің экономикасына және мұнай саласындағы ғылыми және эксперименттік  зерттеулердің дамуына зиян келтіре отырып, зертханалық зерттеулер барлық бірлескен кәсіпорындарымен Қазақстаннан тыс жерлерде өткізілді.

Сондықтан, «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС ұжымының заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған ірі, бәсекеге қабілетті зертханалық орталығын құру шешімінің маңызы зор.

Бұл кезең Мәнсия Нұрғалиқызының кен орындарының ұңғымаларын жобалау, игеру және бұрғылау, сондай-ақ қабаттық флюидтер және кернді гидродинамикалық зерттеу, талдауын жүргізу бойынша барлық қызмет түрлерін көрсететін жаңа типті кәсіпорынды құру идеясынан басталды.

 2008 жылы Қазақстанда зерттеу жабдығы әлемдік стандарттарға сай келетін, тау жыныстарын термобариялық жағдайларда зерттеуге арналған зертханасы болмады. Зерттеулер негізінен терригендік тау жыныстарында (құмдар, құмдақтар, алевролиттер) жүргізілді. Барлық тау жыныстарын зерттеу жұмыстары шетелде жүзеге асырылғандықтан, осындай зертхананы құру қажеттілігі туындады.

Қазақстанда 2010 жылы ашылған керн материалдарын қабаттық жағдайда зерттеуге бағытталған тау жыныстарын петрофизикалық зерттеу зертханасы Мәнсия Нұрғалиқызының «қол тумасы» деп айтуға болады. Бірегей заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханасы аймақтың жер қойнауын пайдаланушыларына жергілікті мамандардың күшімен керн материалдарының қажетті зерттеулерін оперативті және сапалы түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай жетістікке жетуді асыра бағалау қиын.

2008-2014 жж. аралығында керн және қабаттық флюидті зерттеуге арналған екі мамандандырылған зертханалық кешендері институттың өз қаражаты есебінен салынды. Қазіргі уақытта зертханалық орталықта сегіз бағыт бойынша қызмет көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының инновациялық–технологиялық дамуына шетел инвесторларының үлесіне арналған, ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы пленарлық отырысында, мемлекет басшысы «2025 жылға дейін мұнай-газ саласының өндіру секторының ғылыми-технологиялық дамуының жол картасын» әзірлеуге тапсырма берді. Бұл құжат саланы қадамдап дамыту жолын, жобаларды жүзеге асыруды және ғылыми зерттеулерді жоспарлауды анықтайды.

«Жол картасын» жүзеге асырудың бірінші қадамы «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС зертханалық орталығы базасында, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Шелл Қазақстан Девелопмент Б. В. және «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС бірлесе отырып, жабдықталымы әлемдік стандарттарға жауап беретін геохимиялық зерттеулер зертханасының - жаңа бағыттың ашылуы болып табылады.

Жаңа зертханаға Шелл Қазақстан Девелопмент Б. В. компаниясының демеушілік көмегімен газды хроматография əдісімен жоғары молекулалық көмірсутектерді зерттеу мүмкіндігіне ие заманауи геохимиялық жабдық сатып алынды және жеткізілді.

2015 ж. газ-сұйықтық қоспалар мен тау жыныстарын геохимиялық зерттеуге арналған жаңа зертханасы ашылды.

Зертхана геологиялық іздестіру және барлау жұмыстарының мақсаттарын шешуге бағытталған мұнай, тау-кен жыныстары және топырақтың геохимиялық талдауын қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ институттың экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімімен бірлесіп, өндірістік және экологиялық мониторингті жүргізуге арналған ауыз су, табиғи су және ағынды сулардың құрамын талдауды да қамтамасыз ететін жаңа жабдықтармен жасақталған.

«2025 жылға дейін мұнай-газ саласының өндіру секторының ғылыми-технологиялық дамуының жол картасын» жүзеге асыру шегінде Атырау облысы аумағында жаңа зертхананың ашылуы мемлекеттің бұл аймаққа үлкен үміт артатынын және сол уақытта Қазақстан Республикасының мұнай ғылымы үрдісіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін білдіреді.

10 жыл бойына «Каспиймұнайгаз» ҒЗИ ЖШС басшылық етуі кезінде Мәнсия Нұрғалиқызы жобалау бағытында, сондай-ақ бірегей зертханалық зерттеулерді орындау бағытында жоғары білікті мамандар ұжымын құрды. Бұл жұмыс орындары, бұл қазақстандық мамандардың беделі, бұл басым мақсаттарды жүзеге асыруда бәсекеге қабілеттігі.

Мәнсия Нұрғалиқызының басшылығымен Қазақстан Республикасының негізгі экономикалық базасы болып табылатын Қазақстанның ең ірі кен орындары: Қашаған, Қарашығанақ, Жаңажол, Кеңқияқ, Солтүстік Трува және т.б. қорларын есептеу жүргізілді. Мұнай беруді арттыруға, қабатқа газ-сулы әсер етуге, қабаттың гидравликалық үзілімі (ҚГҮ) технологиясына және т.б. арналған полимерлік суландыруды жүзеге асыру бойынша бірқатар енгізулер орындалды.

Бабашева М.Н. жеке басшылығымен және тікелей қатысуымен көптеген жер қойнауын пайдаланушыларға арналған кен орындарын игеру, мұнай мен газ қорларын есептеу бойынша 289 ғылыми-зерттеу жұмыстары, жобалары және есептері орындалды.

43 жыл жұмыс өтілі бойына Мәнсия Нұрғалиқызы Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына үлкен үлес қосты.

Бабашева М.Н. ханымның көп жылдық зерттеулерінің нәтижелері жарияланған ғылыми мақалаларда көрінісін тапты. Ол 30-дан астам ғылыми жұмыстардың авторы болып табылады, кен орындарын игеру кезінде мұнай беруін арттыру үшін газ-сулы әсер етуді пайдалану технологиясын әзірлеу патентіне ие.

Бабашева М.Н. "КСРО Еңбек сіңірген барлаушы-геологы" атағы берілген. "Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы" дипломымен және марапаттау белгісімен марапатталды. Кенбай мұнай-газ кен орнын ашқаны үшін марапатталды. Солтүстік Трува мұнай-газ кен орнын ашқаны үшін марапатталды.  

2007 жылы «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертация қорғады.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Бабашева М.Н.-на техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.

Үлкен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар, Мәнсия Нұрғалиқызының қызметтік тізімінде мынадай марапаттары бар: «Қазақстан Республикасының құрметті кен барлаушысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы» атағы және төсбелгісі.

Сондай-ақ, 2011 жылы Экономика және бизнес саласындағы Халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты атағын (Laureate of “International Socrates Prize”), Еуропалық Бизнес Ассамблеясының «Жылдың үздік топ-менеджері» озаттық белгісін (Оксфорд қ., Ұлыбритания) алды.

2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы медалімен марапатталды.

2012 жылы Мәнсия Нұрғалиқызы «Доссор мұнай кен орнына 100 жыл» естелік медалімен, «Маңғыстау мұнайының 50 жылдық» естелік медалімен марапатталды.

2013 жылы – «Прорва кен орнына 30 жыл» құрмет медалі, "Қазақстан мұнайына 100 жыл" естелік төсбелгісі, мұнай-газ саласындағы мінсіз жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің құрмет грамотасы.

2014 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрметті төсбелгісі берілді.

2017 жылы Бабашева М.Н. «Атырау қаласының құрметті кен азаматшасы» марапатына ие болды

2019 жылы «Қазақстан мұнайына 120 жыл» естелік медалімен, Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы медалімен Қазақстан Республикасының мұнай газ және энергетика кешенің дамытуда мінсіз қызмет атқарғаны және көп еңбек сіңірген үшін «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы медалімен, ХХА алтын орденімен, ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай- газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен мараппаталды марапатталды.

Мемлекеттік құрылыс, экономиканы дамыту және Қазақстанның халықаралық беделін нығайту саласында ерен еңбегі үшін «Даңқ Жұлдызы. Қазақстан экономикасы» құрмет орденімен марапатталды.

Келесі ғылыми дәрежесі және атағы бар: техника ғылымдарының кандидаты,  Атырау мұнай және газ университетінің құрметті профессоры, РҒА академигі.

Мәнсия Нұрғалиқызы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясының сарапшысы болып табылады, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Пайдалы қазбаларды барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясының мүшесі болып табылады.

Бүгінгі таңда Мәнсия Нұрғалиқызы жас және перспективті «Timal Consulting Group» ЖШС компаниясының Директоры болып табылады, бұнда Қазақстанның әлемдік деңгейдегі компанияларымен бәсекеге қабілетті, халықаралық деңгейде жобалауды орындау бойынша өз алдына өршіл мақсаттар қоятын, жоғары білімді және жоғары білікті жас мамандары жұмыс істейді.

 Мәнсия Нұрғалиқызының міндеті осы алға қойылған мақсатқа қол жеткізу және болашақта мұнай бизнесінің барлық бағыттарында жаңа технологияларды әзірлеуге қабілетті ұжымды қалыптастыру, қолданыстағы тәсілдермен салыстырғанда мұнай алу коэффициентін арттыру бойынша кен орнын пайдаланудың баламалы әдістерін әзірлеуде қазақстандық мамандардың өз білімдерін бағалауды үйрету және сенімділігін арттыру.

×
Stay Informed

When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.

Autobiography
Өмірбаян