Өмірбаян

1959 жылы 28 қарашада Жамбыл облысында дүниеге келді, орта мектепті 1977 жылы бітіріп, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық  институтына (жаратылыстану-герографиялық факультеті, химия-биология бөлімі) түсіп, 1982 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.

 Институтты бітірген соң арнайы жолдамамен Алматы қаласындағы №12 орта мектепте химия мен биология пәнінің мұғалімі болып істеді. 1984 жылдан бастап Зоология институтында жұмыс істейді. Осы институтта 1991-1994 жылдары аспирантураны бітірді. Зоология институты қабырғасында лаборанттық жұмыстан бөлім меңгерушісі (2005-2014 жж.) және институттың бас ғылыми хатшысы (2014 жылдан бүгінгі күнге дейін) қызметіне дейін көтерілді. 1998 жылы «Қазақстанның оңтүстік-шығысында шаншарлы жарғаққанаттыларды өсіру және пайдалану» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады.

290-нан астам ғылыми еңбектердің авторы мен серіктес авторы болып табылады, оның ішінде «Қазақстанның жартылай қаттықанаттылары (Heteroptera)» монографиясы, «Үштілді омыртқасыздар сөздігі», ғылыми-көпшілік кітаптар «Жартылай қаттықанаттылар (Heteroptera)», «Сайрам-Өгем насекомдары», МҰТП «Көлсай көлдер» насекомдары, «Қазақстан жануарлары суреттермен» сериясы, мұнда автордың өзінің түсірген суреттері қолданылған. 3 авторлық куәліктің (ғылыми туынды) иесі. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттерге сабақ беріп, екі оқулық жазып шығарды: «Шаншарлы жарғаққанаттыларды өсіру және пайдалану (энтомофагтар мен тозаңдандырушылар)» (2003), «Омыртқасыздар зоологиясы пәнінен далалық-оқу практикасына арналған оқу құралы» (2011). Қазақ тілін әдеби деңгейде жетік меңгергендіктен «Селевиния» және «Tethys Entomological Research» журналдарының қазақша мәтіндерінің редакторы болды және 30-дан астам кітапты қазақ тіліне аударды: «Қазақстанның жануарлар әлемі», «Қазақстанның Қызыл кітабы» (омыртқасыздар), «Ғажайып омыртқасыздар», «Қазақстан өсімдіктер әлемінің асыл қазынасы», «Қазақстан Республикасының ландшафттық және биологиялық алуантүрлілігі», «Адам денесі», «Қазақстан қорықтары мен табиғи парктері», «Табиғат ғажайыптары» және т.б. Коллективтік автор құрамында «Алматы облысы Қызыл кітабы», «Алматы облысының жануарлар әлемі кадастры», «Маңғыстау облысының жануарлар әлемі мен оның мониторингі» және т.б. кітаптар шығарылды. Мектеп энциклопедиясы «Насекомдар» арнайы томын шығаруға қатысып, басты автордың бірі болды. Іле Алатауының таулы ормандарындағы ағаш діңі зиянкестері мен олардың энтомофагтарын мониторингтік зерттеу және насекомдардың индикатор түрлерін пайдалану арқылы экожүйе жағдайын бағалау әдістерін жасауға қатысты.

1999 жылдан бастап Қазақстандағы шаруашылық маңызы зор және ең ірі насекомдар тобының бірі - жартылай қаттықанатты насекомдардың фаунасын, биологиясын, экологиясын және таралуын зерттейді. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан жартылай қаттықанатты насекомдарының фаунасы дерлік толық зерттелді (2000-дай түр), оның ішінде 100 түрден астамы Қазақстан үшін алғаш табылып отыр.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің биология бағытындағы ғылыми жобалардың сарапшысы болды. Жас мамандар даярлауға ат салысуда, П.А.Есенбекованың жетекшілігімен 3 магистрант және 4 докторант PhD дайындалды. 7 жыл бойы А.С.Пушкин атындағы №4 гимназияда энтомологиядан арнайы курс  (лекция оқиды) өткізіп келеді.

 

 

×
Stay Informed

When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.

Өмірбаян
Summary